Маңғыстаулық студент BRICS елдері арасындағы үздік деректер талдаушыларының қатарына енді
Қытайда өткен BRICS National Vocational Skills Championships халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатында қазақстандық студент цифрлық технологиялар саласында жоғары нәтиже көрсетіп, қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Нұрлан Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің студенті Сағыныш Ғаббас “Деректерді талдау және визуализациялау” бағыты бойынша үшінші орын алып, қола медаль иегері атанды. Бұл жетістік – халықаралық деңгейде өнер көрсеткен қазақстандық команда үшін ең жарқын нәтижелердің бірі болды.
Чемпионатқа Қытай, Ресей, Үндістан және Африка елдері секілді тоғыз мемлекеттен 137 команда қатысты. Қатысушылар ІТ, инженерия, энергетика және робототехника сияқты түрлі бағыттар бойынша бақ сынады. Сағыныш Ғаббас күрделі тапсырмалар легін сәтті орындап, деректер талдауының заманауи құралдарын еркін меңгергенін көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша чемпионаттың штаб-пәтері Маңғыстау энергетикалық колледжін “Болашақ технологиялар мен дағдылар” атты халықаралық конференцияға қатысуға шақырды. Онда кәсіби білім мен цифрлық құзыреттерді дамыту перспективалары талқыланбақ.
Сонымен қатар, тараптар “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде шетелдік тәжірибе алмасу мен студенттердің халықаралық тағылымдамаларға қатысуына жол ашады.