Маңғыстаулық медицина қызметкерлерінің 77 пайызы екпе алған
Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстауда медицина қызметкерлерінің 77 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина алған.
Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау баскармасының мәліметінше, 7,2 мыңнан астам медицина саласының қызметкері COVID-19 індетіне карсы вакцина алған.
Маңғыстау облысы бойынша жалпы медицина қызметкерлерінің саны 10 мыңнан асады. Оның ішінде 9 376-сы вакцина алушылар санатына кіреді. Бүгінде екпе алғандар саны 7206 ақ халатты абзал жанды құрайды. Олардың саны 77%-ға жетіп отыр, - делінген хабарламада.
Облыста коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдырғандар саны 4 есеге артқан. Өңір тұрғындарының вакцина алуда белсенділігі артқаны бұған дәлел болып отыр. Екпе пунктеріне келгендердің қатары көбейген.
Мысалы, біздің емханамызда медициналық қызметкерлердің 96 пайызы екпе алды. Жексенбі, сенбі күндері де жұмыс істеп жатырмыз. Вакцина алуға келетін халықтың саны күннен күнге артып жатыр. Қажет болған жағдайда түсіндірме жұмыстарын да осы жерден жүргізіп жатырмыз. Күніне емханамызда 200 адам екпе алып жатыр, - деді Ақтаудағы «ЕРКЕМЕD» емханасының бас дәрігері Серік Қасым.
Ол атағандай, медицина қызметкерлері еңбек ұжымдарына вакцина жасау үшін шығады. Ол үшін жергілікті жерлерде барлық санитарлық норма мен тәртіпке сай келетін орындар жасақталған.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы бойынша вакцина алғандардың жалпы саны -121 515 адам. Оның ішінде бірінші компонент алғандар саны - 80119 адам, ал екінші компонент алғандар саны - 41396 адам.