Бүгiн 2026, 15:19 Фото: pexels.com

Маңғыстаудағы қайғылы оқиға: 12 жастағы бала әткеншекте көз жұмды

Мұнайлы ауданында 12 жастағы мектеп оқушысы қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы жағдай қолдан жасалған әткеншекпен байланысты болған.

Маңғыстау облысында 12 жастағы бала қолдан жасалған әткеншекте ойнап жүріп көз жұмды. Бұл ақпаратты BAQ.KZ тілшісіне облыстық Полиция департаменті растады.

Оқиға 1 маусым күні Мұнайлы ауданында болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тұрғын үйлердің бірінің ауласында орналасқан әткеншекте отырған баланы алғашында ойнап жүр деп ойлаған. Алайда жақын барып қараған кезде оның беті көгеріп, аузынан көбік шыққанын байқап, бірден ата-анасына, полиция мен жедел жәрдем қызметіне хабар берген.

Оқиға орнына келген дәрігерлер баланың қайтыс болғанын растады.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала дерек бойынша, 2014 жылы туған мектеп оқушысы қолдан жасалған әткеншекте ойнау кезінде өмірге қауіпті жарақат алған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады Маңғыстау облысының ПД.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.