Маңғыстаудағы кісі өлімі: күдіктілер туралы ақпарат үшін 2 млн теңге сыйақы беріледі

Маңғыстау облысында Александр Насибариді өлтіруге күдіктілер туралы мәлімет бергендерге ақшалай сыйақы тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Ер адамның мәйіті 2025 жылдың желтоқсанында Маңғыстау облысындағы радон көздері маңынан табылған.

Instagram желісіндегі үндеуінде заңгер Ажар Әбділ күдіктілердің бой тасалап жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, қылмыс жасалғаннан кейін олар Қазақстан аумағынан шығып, Ресейге өтіп, кейін Әзербайжан арқылы Түркияға бет алуы мүмкін.

Олардың жүрген жерін анықтауға және ұстауға мүмкіндік беретін нақты ақпарат үшін жеке өз атымнан 2 000 000 теңге көлемінде сыйақы жариялаймын. Сыйақыға кепілдік беріледі. Құпиялылық заң аясында сақталады, - деп жазды заңгер.

Сондай-ақ ол күдіктілерді көрген немесе олардың жасырынуына қатысты дерегі бар жандарды тергеу органдарына ақпарат беруге шақырды. Жарияланымда күдіктілерді жасыру немесе жалған мәлімет беру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны ескертілген.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, екі күдікті де халықаралық іздеуге жарияланған. Құқық қорғау органдары ресейлік әріптестерімен бірлесіп жұмыс жүргізіп, халықаралық ынтымақтастық арналары арқылы іздестіруді жалғастырып жатыр.

Александр Насибари 2025 жылдың 24 қарашасында үйінен шығып, содан кейін жақындарымен байланысқа шықпаған. Әлеуметтік желілерде оның жоғалғаны туралы ақпарат тараған. 8 желтоқсанда ер адамның денесі радон көздерінің маңынан табылды. Сараптама оның зорлықпен қаза тапқанын растады. Іс бойынша екі күдікті анықталған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы