Маңғыстаудағы 13 жасар баланың өлімі: ДСМ тексеруді бастады
Министрдің тапсырмасына сәйкес, оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтау үшін арнайы комиссия жасақталуда.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысында 2012 жылы туған кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу фактісі бойынша тексеру жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрдің тапсырмасына сәйкес, оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтау үшін арнайы комиссия жасақталуда. Оның құрамына Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары – бас мемлекеттік медициналық инспектор, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар енгізіледі.
Министрлік мәліметінше, 2026 жылғы 19 ақпанда науқас әрі қарай ем алу үшін санитариялық авиация арқылы Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілген. Алайда көрсетілген медициналық көмектерге қарамастан, 13 сәуірде оның қайтыс болғаны тіркелді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтау қаласының тұрғыны Жұлдыз Азанованың 13 жастағы ұлының өлімінен кейін медицина қызметкерлерінің әрекетіне қатысты тексеру жүргізуді талап етіп, Мемлекет басшысына жүгінгенін жазғанбыз.