Маңғыстауда жыл басынан бері 603 адамды ит тістеп алған

Маңғыстауда соңғы бес айда ит тістеген 603 адам медициналық көмекке жүгінген. Бұл туралы брифингте Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Спикердің айтуынша, ит тістеген жағдайда көп ауру түрлері жұғады. Соның бірі – құтыру ауруы. Бұл вирус арқылы таралады, орталық ми-жүйке жүйесін зақымдайды, соңы өліммен аяқталады. Қазір Маңғыстау облысының аумағында эпидемиологиялық және эпизоотологиялық жағдай тұрақты.

Аталған аурудың алғашқы белгілеріне тоқтала кетсек: тістеген жеріндегі жазылып кеткен жара орны қайтадан қызарып қызады, солқылдап ауырады, қышиды, науқаста қорқыныш сезімі пайда болады, мазасы болмайды, ұйқысы бұзылады, дыбыс пен жарыққа тітіркену күшейеді, үреймен ашушаңдық пайда болады. Қазіргі таңда құтыру ауруын емдейтін арнаулы ем жоқ, клиникалық белгілері байқалса, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін емес, 100 % қайғылы аяқталады,- деді Бердібек Саралтаев.

Сонымен қатар, өңірде биыл жыл басынан бері ветеринариялық станцияларға барлығы 3 765 арыз келіп түсіп, зардап шегушілер Ақтау қаласында және Мұнайлы ауданында тіркелген. Ал түрлі аурудың таралу себебі жабайы иттер. Маңғыстау облысы бойынша бүгінгі таңда 1 728 ит тіркелген. Иесі бар үй жануарларын есепке қою бойынша ауыл және ауылдық округ мамандарымен тұрақты түрде түсіндірме және тіркеу жұмыстары жүргізілуде.

Қаңғыбас үй жануарлары адамдарға шабуыл жасаған немесе олардан қоғамдық қауіпсіздікке нақты қауіп төнген жағдайда, жергілікті тұрғындардың дәлелді арыз-шағымдары негізінде аудандық, қалалық ветеринариялық стансалар тиісті жұмыстар жүргізеді. Сондай-ақ, арыз-шағым беруші нақты қауіп төндірген қаңғыбас үй жануарлары тобын көрсете отырып (видео, аудио дәлелдемесімен) аулап-жансыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Ауланған иттер залалсыздандырылып, ветеринариялық талаптарға сай жойылды, - деді Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринария бөлімінің басшысы Асхат Шайхиев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: скрин
Өзгелердің жаңалығы