Маңғыстауда жол апатына түскен араб елдерінен келген туристерге көмек көрсетілді
Шетелдік туристердің бірі бел омыртқасын сындырып алған.
Маңғыстау облысында жол-көлік оқиғасына түскен екі шетелдік азамат Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасына медициналық көмекке жүгінді. Олардың бірінен бел омыртқасының бірнеше жерден сынғаны анықталды.
Аурухана директорының міндетін атқарушы Азат Есенғұловтың айтуынша, екі ер адам да медициналық мекемеге бір күн бұрын жеткізілген. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, көлік жолдан шығып, шұңқырға түсіп кеткен. Алайда жол-көлік оқиғасы ресми түрде тіркелмеген.
Зардап шеккендердің бірінен жұлынға зақым келмеген, бел омыртқасының бірнеше жерден сынғаны анықталды. Дәрігерлер қажетті тексерулер жүргізіп, тиісті медициналық көмек көрсетті. Науқастың жағдайы тұрақты деп бағаланды.
Ем қабылдағаннан кейін аурухана қызметкерлері екі шетелдік азаматтың Ақтау әуежайына жетуіне көмектесті. Кейін олар чартерлік рейспен ұшып кетті.
Азат Есенғұлов медициналық көмек көрсету кезінде мамандар науқастың азаматтығына қарамастан, ең алдымен оның жағдайына басымдық беретінін атап өтті. Оның айтуынша, шетелдік азаматтар мен олардың туыстары дәрігерлерге жедел көмек көрсетіп, мұқият көңіл бөлгені үшін алғыс білдірген.