Маңғыстауда жастар жобаларын жүзеге асыруға 75 млн теңге бөлінген

Жастардың әлеуметтік-саяси белсенділігі мемлекеттің дамуындағы маңызды бағыттардың бірі. Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Абылай Фазылбек Маңғыстау жастарын қолдау əрі тың идеяларды қуаттау бағытында жүзеге асып жатқан іс-шаралар жөнінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап. 

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық белсенді тобының басым үлесі жастарға тиесілі. Сондықтан өңірде ой-өресі биік, табысты өскелең ұрпақ өсіп-қалыптасуына жан-жақты жағдай жасақталған. Соның бірі, жас буын өкілдерінің жасампаз идеяларын тəжірибе жүзінде іске асыруына жетелейтін арнайы гранттардың бөлінуі.

Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Абылай Фазылбектің айтуынша, былтыр жастардың жобаларын жүзеге асыруға 75 млн теңгеге 6 грант іске асырылған. 

Бөлінген гранттар 6 бағыт бойынша жүзеге асырылды. Атап айтсақ, «Жоғары және орта мамандандырылған оқу орындарында студенттік өзін-өзі басқару жүйесін дамыту», «Жастар театрының жұмысын ұйымдастыру», «Маңғыстау жастары» жастар интернет порталының қызметін ұйымдастыру және ақпараттық сүйемелдеу»,«Жұмысшы жастар арасында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру» мен «ТМД елдеріне тағылымдамадан өту» және «Әлеуметтік жобаларды іске асыруға арналған шағын гранттар, - деді Абылай Фазылбек. 

Сондай-ақ спикердің мәліметінше, мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыру үшін азаматтық қоғам институттарын тарту жұмыстары жолға қойылып, қоғамдық ұйымдарға арналған гранттық қаржыландыру көлемі артып келеді. 

Былтыр Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы әлеуметтік жобаларды қолдауға 75 млн теңге бөлген. 

Ал биыл 106 млн теңгеге жуық қаржы бөлінеді деп көзделген. Аталған гранттық қаржыландыру есебінен 2023 жылы өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар жастарға арналған 11 әлеуметтік жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған. 

Аталған қаражатқа өңірдегі жас көшбасшылардың пулын қалыптастыру мақсатында «Жас көшбасшылар мектебі» жобасы, сонымен қатар, талантты жастардың әлеуетін арттыруға бағытталған «Жиналайық» жобасы, шығармашыл жастарды қолдау бағытында облыстық «Жайдарман» ойындарын ұйымдастыру, жасөспірімдер мен жастардың зияткерлік әлеуетін арттыру, жастар арасындағы қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыру кешенді іс-шаралар ұйымдастыру бойынша жобалар жүзеге асырылатын болады, - деді Абылай Фазылбек. 

Бөлінген қаржы есебінен облыста алғаш рет волонтерлік топтарға арналған шағын гранттар, дарынды және талантты жастарға арналған жол жүру гранттары бөлініп, аймақ жастар арасындағы негізгі проблемалар мен тәуекелдерді анықтауға мүмкіндік беретін «Маңғыстау жастарының портреті» талдамалық баяндамасы әзірленеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы