Бүгiн 2026, 13:50 Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Маңғыстауда жаңғыртылған тұщыландыру станциясы іске қосылды

Жетібайда жаңғыртылған су тұщыландыру станциясы жұмысын бастады.

Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы Жетібай ауылында күрделі жөндеу мен жаңғыртудан өткен Еділ суын тазарту және тұщыландыру өндірістік станциясы пайдалануға берілді.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жоба Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылған.

Қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде Жетібай және Мұнайшы ауылдарының 20 мыңнан астам тұрғыны, сондай-ақ 15 өндірістік кәсіпорын үздіксіз сумен қамтылу мүмкіндігіне ие болды. Жаңартылған нысанның тәуліктік қуаты 6,5 мың текше метр суды құрайды.

Станция заманауи жабдықтармен және суды тазарту мен залалсыздандырудың көпсатылы жүйесімен жабдықталған. Мұнда дискілі сүзгілеу блогы, жұқа қабатты тұндырғыштар, натрий гипохлориті мен коагулянттарды мөлшерлеу жүйелері, сондай-ақ мультимедиалық сүзгілер орнатылған. Сонымен қатар екі шақырым жаңа су құбыры желісі тартылып, сағатына 260-тан 300 текше метрге дейін су айдайтын модульдік сорғы станциялары іске қосылды.

Жобаның негізгі мақсаты – Жетібай мен Мұнайшы тұрғындарын, сондай-ақ жергілікті кәсіпорындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай нысанның әлеуметтік маңызына тоқталды.

Бұған дейін жаз мезгілінде ауыл тұрғындарына су кесте бойынша берілетін. Бүгін іске қосылған зауыттың маңызы зор, себебі оның арқасында тәуліктік су өндіру көлемі айтарлықтай артты. Соның нәтижесінде өңірдегі су беру кестесі толықтай жойылды. Бұл – Мемлекет басшысының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының нақты орындалуы. Осы маңызды жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Іс-шара барысында қатысушыларға жаңғыртылған станцияның жұмысы таныстырылды. Мамандардың айтуынша, енгізілген технологиялар суды халықаралық стандарттарға сай тазартуға және тұрғындарды қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.