Маңғыстауда үздік мектеп ұжымына автокөлік беріледі

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірде мектептегі білім сапасын көтеру үшін жыл сайын “Үздік мектеп ұжымы” рейтингін өткізуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мектептердегі озық тәжірибелерді басқаларға үлгі етіп, мектептер арасында бәсекені күшейту – рейтингтің негізгі мақсаты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде білім сапасын арттыруға ерекше назар аударып келеді. Соның аясында облысымызда заман талабына сай жайлы мектептер салынып жатыр. Енді сол мектептердегі білім деңгейін көтеру мақсатында жыл сайын рейтинг жасап, "Табысты мектеп" жобасын іске қосуды ұйғардық. Біз ұстаздар мен оқушылардың ынтасы мен жігерін арттыруды, шығармашылық қабілеттерін ашуды мақсат тұтып отырмыз, - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, "Табысты мектеп"жобасы бір оқу жылының нәтижесі негізінде үздіктерді анықтайды.

І орын алған мектептің директорына қызметтік автокөлік беріліп, директордан бастап кіші қызметкерлерге дейін 3 лауазымдық еңбекақы беріледі. Сол сияқты ІІ орын алған мектеп қызметкерлеріне 2 лауазымдық еңбекақы, ІІІ орын алған мектеп ұжымына 1 лауазымдық еңбекақы табысталады.

Жарас Мақсатұлы

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы