Маңғыстауда "Таза Қазақстан" аясында іс-шаралар жалғасып жатыр

Маңғыстау облысында "Таза Қазақстан" республикалық бағдарламасы аясында Маңғыстау энергетика колледжінде Ақтау қалалық Қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен Маңғыстау облыстық экология департаментінің өкілдері студенттермен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың қоршаған ортаны қорғау туралы білімін жетілдіру, экологиялық мәдениетті дамыту, облыстағы табиғи байлықоы сақтауға жауапкершілікпен қарауға үйрету, экологияның қазіргі жағдайы туралы хабардар ету және оларды практикалық қызметке тарту.

Іс-шараға Маңғыстау энергетика колледжінің 60-тан астам студенті, соның ішінде облыстың жас экобелсенділері келді. Олар өңірдегі экологиялық қатерлерді шешу жолдары туралы көбірек ақпарат алды.

Жастар - еліміздің болашағы және экологиялық мәселелерді шешу міндеті дәл соларға жүктеледі. Мұндай кездесулер тек экологиялық сауаттылықты арттырып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға деген жеке жауапкершілікті тәрбиелеуге де ықпал етеді. Біз бүгінгі шара көптеген жас адамдарды өңірдегі экологиялық бастамаларға белсенді түрде қатысуға ынталандыратын бастама болады деп үміттенеміз. Бірлескен күш-жігерімізбен Маңғыстауды одан әрі таза және экологиялық қауіпсіз аймаққа айналдыра аламыз, - деді Маңғыстау облыстық экология департаментінің экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Есенқос Әділбаев.

Сондай-ақ, студенттер кездесуден алған әсерлерімен бөлісті.

Өңірдегі экологияны жақсарту үшін біз не істей алатынымызды білу өте пайдалы болды. Мұндай кездесулер әрекет етуге және айналамыздағы табиғатты қорғауға шабыттандырады, - деді шараға қатысқан студенттің бірі Еркебұлан Қайырбаев.

Бұдан бөлек, Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында Жаңаөзен қаласы мен облыстың 5 ауданында жастар мен жергілікті экологтардың кездесулері ұйымдастырылды.

Жарас Жайлыбай

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы