Маңғыстауда тағы бір ауыл алкогольден бас тартты
Мамандардың пікірінше, бұл бастама ауылдағы қоғамдық қауіпсіздікті арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпал етеді.
Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы Болашақ ауылы ресми түрде «алкогольсіз ауыл» мәртебесіне ие болды. Бұл туралы Lada.kz порталы хабарлады.
Бастама Қарақия ауданы прокуратурасының үйлестіруімен және мүдделі мемлекеттік органдардың қолдауымен жүзеге асырылды. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, осы бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізу үшін тараптар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жергілікті кәсіпкерлер де бастаманы қолдап, ауыл аумағында алкоголь өнімдерін сатуға және тұтынуға жол бермеу жөніндегі шараларды бірлесіп жүзеге асыруға келісті. Сонымен қатар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыру көзделген.
Мамандардың пікірінше, бұл бастама ауылдағы қоғамдық қауіпсіздікті арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпал етеді.
Айта кетейік, соңғы жылдары Маңғыстау өңірінде «алкогольсіз ауыл» жобасы кеңінен қолдау тауып келеді. Мұндай елді мекендерде құқық бұзушылық деңгейі төмендеп, қоғамдық тәртіптің нығайғаны байқалады.