Маңғыстауда шаруаларды қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары талқыланды

Ақтауда өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы нормативтік-құқықтық мәселелер талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Кенжеғали Машырықовтың айтуынша, департамент мемлекеттік фитосанитарлық бақылау мен қадағалауды 10 фитосанитариялық бекет арқылы жүзеге асырады. Бұл шаралар карантиндік нысандардың шетелден кіруіне жол бермеу және өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.

Нұрлан Ноғаев экспортты қалыпты жағдайда дамыту үшін өнімнің қауіпсіздігін, әсіресе оның сапасы мен фитосанитарлық қорғалуын қамтамасыз ету керектігін баса айтты.

Бұл сертификаттау және сапаны бақылау жүйелері арқылы барлық өндірілетін өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қатаң қадағалауды, өндіріс процестерінде тазалық пен қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын сақтауды, агрохимиялық препараттарды қолдануды тиімді бақылауды қамтамасыз етуді және өнімді арттыруға бағытталған заманауи технологиялар мен өндіріс әдістерін әзірлеуді талап етеді. Сондай-ақ тұтынушылардың денсаулығына төнуі мүмкін қауіп-қатерлерге мониторинг және әрекет ету жүйесін күшейту қажет, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар жиында Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Тәшімов баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста 2023 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 33,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 13,1%-ға жоғары. Оның 27,6 млрд теңгесі мал шаруашылығына, 4,8 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығына тиесілі.

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін шағын және орта кәсіпкерлік пен шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдау, яғни субсидиялар беріліп жатыр. Мәселен, соңғы үш жылда, яғни 2021-2023 жылдар аралығында агроөнеркәсіп кешенінің 2089 субъектісіне 5,9 млрд теңге субсидия бөлінді. 2023 жылы субсидиялауға бөлінген қаражат көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 6,4 есе артып, 3,1 млрд теңгені құрады.

2024 жылы мәслихаттың шешімімен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бюджеттен субсидиялауға 2,5 млрд теңге қарастырылған. Қаражат көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 5 есеге өсіп отыр.

Сондай-ақ Маңғыстауда 2024-2026 жылдарға арналған Маңғыстау облысының агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың жол картасы әзірленуде. Жалпы сомасы 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. 2024-2026 жылдары ауыл шаруашылығы саласында жалпы сомасы 5,3 млрд теңгені құрайтын тоғыз инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. 2024 жылы шағын құс фабрикасы мен жылыжай кешенін салуды қоса алғанда 370,0 млн теңгеге 3 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы