Маңғыстауда сайлаушыларға ұлттық тағам ұсынылды

Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген сайлауда Мұнайлы ауданы, Атамекен ауылындағы №217 сайлау учаскесінде ұлттық дәстүріміз дәріптелді, деп хабарлайды Маңғыстаудағы BAQ.KZ тілшісі.

Сайлаушылар шұбат пен бауырсақтан дәм татты. “Осыда бәрі тамаша. Ұлттық киім киген балаларымыз құрақ ұшып қарсы алды. Шұбаттан дәм татып, мәре-сәре боп шықтым. Өз таңдауымды жасадым. Немерелердің болашағы үшін үйде жата алмай, келіп тұрмын,–дейді зейнеткер Балтагүл Ізбасарова.

Сайлау комиссиясының мүшелері қазақы нақыштағы камзол мен бешпент киіп, дауыс берушілерді қарсы алуда.

Саяси науқан көктемнің шуақты мерекесімен сәйкес келді. Тұрғындарға ұлттық тағамдардан дәм татқызып, патриоттық рухын көтеріп, қазақы дәстүрді ұлықтап жатырмыз. Ұлт болашағы үшін маңызды күнде белсенділік жоғары, – дейді сайлау учаскесінің төрағасы Нұржан Досжанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы