Маңғыстауда сайлауға дайындық жұмыстары жоғары деңгейде - ОСК
25 ақпан күні облысқа жұмыс тобымен келген ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Mangystaumedia.kz хабарлауынша, семинар барысында 19 наурызға тағайындалған ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын кезектен тыс сайлау науқанына даярлық мәселелері талқыланды.
ҚР ОСК мүшелері атап өткендей, сайлау учаскелері мүшелерінің басты міндеті - сайлау процесін жүргізуді, байқаушылардың, кандидаттардың және олардың сенімді өкілдерінің заңнамалық-құқықтық саладағы жұмысын қамтамасыз ету. Осындай кездесулер аясында сайлау кезінде орын алатын ахуалға практикалық талдау жүргізіледі және сайлау комиссиясының мүшелеріне оларды шешу үшін нақты ұсыныстар беріледі.
ҚР ОСК мүшесі Шавхат Өтемісовтің сөзінше, Орталық сайлау комиссиясы алдын ала үлкен дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Бірінші кезекте, біз учаскелік, округтік, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерін оқытамыз. 1 қаңтардан бастап облыстық аумақтық комиссиялардың мүшелері және аудандық аумақтық комиссиялардың құрамынан 3 адам өз қызметін кәсіби негізде жүзеге асырады. Тиісінше, оларға қойылатын талаптар жоғары, олар өз қызметін сайлау туралы заңнама шеңберінде жүзеге асыруы тиіс. Біз офлайн және онлайн форматта бірнеше семинарлар ұйымдастырдық. Оқуды аяқтағандар өз білімдерімен аймақтағы әріптестерімен бөліседі. Осындай оқыту форматы арқылы біз комиссияның барлық мүшелерін қамту мүмкіндігіне ие боламыз, - деді ол.
Ол ОСК мүшелерінен бастап, учаскелік сайлау комиссияларының барлығы осы оқу процесіне атсалысатынын атап өтті.
Мұндай семинарлар кезінде біз практикалық сабақтар өткіземіз. Әр алуан жағдай бойынша нақты мәселелерді және сайлау комиссияларының мүшелеріне қалай әрекет ету керектігін талдаймыз. Біз учаскелерге өзіміз барамыз, олардың дайындығын көреміз. Ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша шаралар қабылдауға әлі де жеткілікті уақыт бар. Жалпы, Маңғыстау облысының сайлау комиссияларының дайындық жұмыстары жақсы жүріп жатыр деп санаймыз, - деді ҚР ОСК мүшесі Шавхат Өтемісов.