Маңғыстауда саяси қудаланғандарды ақтау жұмысы қолға алынды
1920-1950 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған мыңдаған адам жанын пида етті. Жазықсыз жапа шеккендерді ақтау үшін Маңғыстау облысында комиссия құрылып, 7 топ жұмыс істеп жатыр, деп жазады өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Солардың бірі – «Байларды, кулактарды, манаптарды зерттеу» тобы. Топ құрамында 4 адам бар. Олар нақақтан-нақақ жәбір көрген 2500-ден аса адамның тізімін шығарған. Қуғынға ұшырағандар ауқатты болғаны үшін мүлкі тәркіленіп, тіпті кейбірі жер аударылған.
Маңғыстау байларының іздері Қарақалпақ жерлерінде де жатыр. Президенттік архивтен тапқан бір дерегімізде Қарақалпақстаннан қазақ үкіметіне «Маңғыстау байлары біздің жерімізде малдарын жасырып жүр» деген хат түседі. Оған Адай округының басшылары, Адай округының прокуроры араласқаны сезіледі. Енді оны нақты бекітуіміз керек. Ол үшін бізге Нүкіске, Қарақалпақстанға сапарға бару керек,- деді комиссия мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Жанат Нұрмаханова.
Мәселен, «Адай көтерілісін» зерттеумен айналысатын топ мүшелері жапа шеккен 150-ге тарта адамды ақтауға құжатын дайындап қойған. Көтерілістің Маңғыстау жеріндегі бөлігіне қатысты 41 том іс бар. Бұдан бөлек Жылой жері мен Байғанин ауданының аумағында болған көтеріліске қатысқан істері де бірнеше томды құрайды. Оның бәрін зерделеп, ақтау болашақтың еншісінде. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесі бойынша комиссия мүшесі Нұржігіт Нұрболатұлы ең басты міндет - осы жерден тапқан құжаттарымызды сараптап, яғни ақтауға сол орталық комиссияға жіберу екенін айтты.
Кейбір адамды ақтауға ұсындық. Енді ол республикалық комиссияның құзыретінде. Комиссияның деңгейінде ақтау жүргізе ме, әлде прокуратура органдары ақтауға бере ма? Ол жақтарын өздері шешеді. Біздердің ең басты міндетіміз - осы жерден тапқан құжаттарымызды сараптап, яғни ақтауға сол орталық комиссияға жіберу, - деді ол.
Өткен жылы «Отызыншы жылдардың ойраны» деген 2 томдық кітап жарық көрді. Бұл облыстық комиссияның екі жылдық жұмысының нәтижесі. Қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтау жұмысы бір сәтке тоқтаған емес. Комиссия мүшелерінің айтуынша, ақтау істері аз мерзімде аяқталатын жұмыс емес. Құрбандарды толық ақтауға ұзақ жылдар мен көп еңбек керек.