Маңғыстауда құрылысшы лифт шахтасына құлап, көз жұмды
Маңғыстау облысында құрылыс барысында қайғылы оқиға болды. Бұл деректі облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті растады, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Оқыс жағдай 4 қараша күні Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында салынып жатқан нысандардың бірінде орын алған. Алайда құрылыс компаниясы бұл туралы тиісті органдарға дер кезінде хабарламаған. Еңбек инспекторлары жазатайым оқиға жайлы ақпаратты алғаш рет полициядан алынған қысқаша мәліметтен білген.
Алдын ала деректерге сәйкес, 20 жастағы жұмысшы алтыншы қабаттан ашық тұрған лифт шахтасына құлаған. Сол сәтте кран арқылы құм салынған науа жоғары қабатқа көтеріліп жатқан. Науа еденге қойылған кезде жұмысшы қауіпсіз қашықтыққа шегінбек болып, тепе-теңдігін жоғалтып шахтаға құлап кеткен.
Маңғыстау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Кемаловтің айтуынша, жедел жәрдем шақырылғанымен, бригада оқиға орнына 20-30 минуттан кейін келген. Медициналық көмек көрсетілгенмен, жас жұмысшының өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Қайғылы жағдайға байланысты арнайы тергеу комиссиясы құрылып, оқиғаның барлық мән-жайы, себептері және еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылу фактілері зерттелуде. Тергеу нәтижесі бойынша қосымша ақпарат жарияланатыны хабарланды.
Марқұм «Сариев С.Ж.» жеке кәсіпкерлігінде жұмыс істеген. Бұл ұйым «AN-GroupM» ЖШС салған тұрғын үй кешенінің құрылысында мердігер ретінде қызмет атқарған.