Маңғыстауда құмар ойын ойнаған екі мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылды

Маңғыстау облысында екі мемлекеттік қызметші құмар ойындарға қатысқаны үшін қызметінен босатылды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов Ақтауда өткен дөңгелек үстел барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі қатысты.

Кездесуде мемлекеттік қызметте әдеп нормаларын сақтау мәселелері қаралды. Тоқтамыс Жұмағұловтың айтуынша, өңірде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамау деректері тіркеліп отыр.

Өкінішке қарай, біздің облыста мемлекеттік қызметкерлер құмар ойындарға қатысты жол берілмейтін әрекеттерге барған екі жағдай анықталды. Екеуі де теріс себептермен жұмыстан шығарылды, – деді ол.

Сонымен қатар, департамент басшысы өңірде лауазымды тұлғалардың есірткі заттарын пайдалануына байланысты фактілер де анықталғанын хабарлады. Бұл бағытта полициямен бірлескен алдын алу жұмыстары күшейтілуде.

Айта кетейік, биылғы наурызда Маңғыстау облысының Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері құмар ойындарға байланысты қызметтен шеттетілген болатын. Қыркүйекте Жаңаөзенде Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері барлық табысын ставкаларға жоғалтқаны үшін қызметінен босатылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы