Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі өтті
Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.
Қайғылы шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ұлттық Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері мен қаза болған әскери қызметшілердің қаруластары қатысты.
Рәсімге қатысушылар қаза болған жауынгерлердің туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтты. Отан қорғаушылардың рухына бағышталып дұға оқылып, еске алу рәсімдері өткізілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді, материалдық көмекті және еске алу шараларын ұйымдастыруға қажетті барлық қолдауды қоса алғанда, жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.
Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімдігі қаражат жинақтау үшін арнайы қор құрған болатын. Жиналған барлық қаражат қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккендерге толық атаулылық және ашықтық қағидаттары негізінде, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатаң бақылауымен бағытталады.