Маңғыстауда қарақұрт шаққан бес бала реанимацияға түсті
Дәрігерлердің айтуынша, барлық науқас бастапқыда жансақтау бөліміне жатқызылып, қажетті ем алған.
Маңғыстау облысында қарақұрттардың белсенділігі артып, қауіпті өрмекші шаққан балалар саны көбейіп отыр. Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының мәліметінше, биыл маусым айының алғашқы онкүндігінде қарақұрт шаққан бес бала ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Lada.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, барлық науқас бастапқыда жансақтау бөліміне жатқызылып, қажетті ем алған. Қазіргі уақытта олардың жағдайы тұрақтанып, бейінді бөлімшелерге ауыстырылған.
Салыстырмалы түрде алғанда, өткен жылы ауруханаға қарақұрт шаққан небәрі үш бала түскен. Ал биылғы көрсеткіш маусымның алғашқы күндерінде-ақ бұл саннан асып отыр.
Мамандар жаз мезгілінде қарақұрттардың белсенділігі күшейетінін ескертеді. Қауіпті өрмекшінің шағуы қатты ауырсыну мен күйдіру сезімін тудырып, ауырсынудың бүкіл денеге таралуына, бұлшықет құрысуына, әлсіздікке, тершеңдікке, жүрек айнуына, құсуға, бас айналуына және жүрек қағысының жиілеуіне әкелуі мүмкін.
Дәрігерлер қарақұрт шаққан жағдайда зардап шеккен адамның қозғалысын шектеп, шаққан жерді сабынды сумен жуып, суық басып, дереу медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Сондай-ақ халықтық ем-дом тәсілдерін қолдануға немесе жараны өздігінен өңдеуге болмайтынын ескертеді.
Мамандар ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырып отыр. Табиғат аясында демалғанда киім мен аяқ киімді киер алдында мұқият тексеріп, өрмекшілер жасырынуы мүмкін тастардың, бұталардың және оқшау жерлердің маңында сақ болу қажет.
Дәрігерлердің айтуынша, қарақұрт шаққанына күмән туған кез келген жағдайда, әсіресе бала зардап шексе, уақыт оздырмай медициналық көмекке жүгіну маңызды. Уақтылы көрсетілген көмек ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.