Маңғыстауда перинаталдық орталық соңғы үлгідегі жабдықтармен толықты
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығы соңғы үлгідегі, жоғары сапалы медициналық құрылғылармен – гипотермия аппараты, өкпені жасанды желдету құрылғысы және жаңа туған нәрестелерге арналған инкубатормен толықты, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілетме жасап.
Сәбидің жетілуіне мүмкіндік беретін медициналық жабдықтар Маңғыстау облыстық әкімдігінің және «DUNGA OPERATING GMBH» компаниясының қолдауымен алынды. Құрылғыны табыстауға облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров, демеуші компанияның бас директоры Нұржан Әбдірахманов және көпбейінді аурухананың директоры Руслан Бекібаев қатысты.
Перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімі меңгерушісі, неонатолог-дәрігер Умид Рашидовтың айтуынша, гипотермия аппараты ауыр асфиксиямен туған сәбидің өмірін құтқарып, бас-ми ісігінің алдын алу үшін қажет. Аппарат жаңа туған нәрестенің дене қызуын қалыпты жағдайда ұстап тұруға көмектеседі. Содан кейін баланы біртіндеп жылытады. Бала ағзасындағы метаболизмді өзгертуге, миды глюкозамен қамтамасыз ете отырып, орталық жүйке жүйесінің жасушаларын қайтымсыз зақымданулардан қорғауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, медициналық орталықта шала туған нәрестелерге арналған 8 инкубатор сатып алынды. Мұнда шала туған нәрестелер салмақ қосқанға дейін жата алады. Барлығы автоматты түрде жұмыс істейді, яғни, ылғалдылығы, температурасы сақталып, балаға қажетті жағдай жасайды.
Айта кетсек, перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімі былтыр ақпанда ашылған. Бөлімше 6 нәрестеге арналған. Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде 8 нәресте ем алып жатыр.