28 Қараша 2026, 08:54 Фото: depositphotos.com

Маңғыстауда мектеп оқушыларына шұбат беріле бастады

Қазір қаладағы 25 білім беру ұйымының барлығы шұбатпен қамтылған.

Маңғыстау облысында оқушылардың ас мәзіріне ұлттық сусын – шұбат қосылды. Облыс әкімдігінің қолдауымен екінші тоқсаннан бастап Жаңаөзен мектептерінде түйе сүтінен дайындалған сусын ұсынылып жатыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімдігі хабарлады.

Қазір қаладағы 25 білім беру ұйымының барлығы шұбатпен қамтылған. Сусын екі аптада бір рет бастауыш сынып оқушылары мен тегін ыстық тамақ ішетін балаларға беріледі.

Өнім жергілікті сүт зауытында арнайы дайындалып, 200 грамдық құтыларға құйылады. Сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. Шұбаттың жарамдылық мерзімі – бір тәулік.

Жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 171 миллион теңге бөлінген. Зауыт жылына 400 тонна шұбат өндіреді. Өндіріс орны алдағы уақытта облыстың өзге аудандарындағы мектептерді де ұлттық сусынмен қамтуға дайын.