Маңғыстауда күн және жел станциялары салынады
Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы «жасыл» сутегі өндіретін зауыттың құрылысы аясында Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мен Премьер-министр Әлихан Смайыловтың қатысуымен бұрғылау жұмыстарын іске қосу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жобаны танымал Svevind неміс компаниясы Еуропалық кеңес Президенті Шарль Мишельдің өткен жылдың қазан айында Қазақстанға сапары кезінде қол қойылған Инвестициялар туралы келісім аясында жүзеге асыруда. Жоба бойынша Маңғыстауда жалпы қуаты 40 ГВт болатын күн және жел станцияларын салу жоспарланып отыр. Бұл жылына 2 млн тоннаға дейін «жасыл» сутегі немесе 11 млн тонна «жасыл» аммиак өндіруге мүмкіндік береді. Геологиялық бұрғылау жұмыстарының басталуы жобаны дамытудың жаңа кезеңге көтерілгенін білдіреді – бұл жер асты жыныстарын тереңірек талдау және одан кейінгі кезеңдерді пысықтау үшін маңызды мәліметтер алуға жағдай жасайды. Жалпы жобаның арқасында Қазақстан сутегі немесе аммиактың ірі көлемін Еуропа және Азия нарықтарына жеткізу бойынша мүмкіндіктерін арттырады, сондай-ақ ел экономикасының экологиялық таза әдістерге көшуін жеделдетеді.
Svevind компаниясының басшысы Вольфганг Кропптың айтуынша, әлемде «жасыл» сутегін өндіру бойынша мұндай ауқымда бірде-бір жоба әлі жүзеге асырылмаған.
Сонымен қатар кәсіпорынға түрлі жұмыстар жүргізуге берілген аумақты аралау кезінде мәртебелі қонақтардың қатысуымен Genesis консалтинг компаниясы – франциялық Technip Energies инженерлік-техникалық және технологиялық компаниясының еншілес фирмасымен алдын ала жобалау-іздестіру жұмыстарын (pre FEED) жүргізуге келісім-шартқа қол қойылды. Бұл зерттеулер маңызды технологиялық шешімдер қабылдауға және зауыт құрылысын егжей-тегжейлі жоспарлауға көмектеседі.