Маңғыстауда кен орнындағы өрттен қаза тапқандардың кімдер екені анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Боранқұл кен орнында «ҚазМұнайТеңіз» компаниясына қарасты жатақханада өрт шықты. Мекеменің жарақат алған жұмысшылары дереу Боранқұл орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.
Алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң жарақат алғандар Бейнеу орталық аудандық ауруханасына жеткізіліп, жатқызылған. Жарақат алған жұмысшының бірі - Бейнеу ауданының тұрғыны, 1984 жылы туған. Оның жалпы жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Есін жоғалтқан жоқ. Геодинамикалық көрсеткіштері тұрақты.
Хирургиялық бөлімшеге жатқызылған. Алдағы уақытта Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының травматология бөліміне көшіріледі. Екінші жарақат алған - Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғыны. 1965 жылы туған. Оның жағдайы тұрақты. Қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында. Алдағы уақытта амбулаториялық емдеуге жіберіледі. Екеуі де вахталық әдіспен жұмыс істейді. Өрт кезінде жатақхананың терезесін сындырып, екінші қабаттан секірген, - деп хабарлады Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Оқиға орнында екі адам көз жұмды. Атап айтқанда, 1963 жылы туған Ақтау қаласының тұрғыны, ер адам. Екінші қайтыс болған әйел адам, 1976 жылғы Бейнеу ауданының тұрғыны.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша шамамен сағат 04.55-те Маңғыстау облысы «ҚазМұнайТеңіз» ТМК» ЖШС-не қарасты Боранқұл кен орнында екі қабатты жатақханада өрт шыққан.