Маңғыстауда еліміздің үздік шұбат өндірушілері анықталды
Фестиваль барысында қонақтарға шұбатпен қатар түйе сүтінен дайындалған құрт, балқаймақ, десерт, кофе, балмұздақ пен коктейльдер ұсынылды.
Ақтауда республикалық «SHUBAT FEST-2026» шұбат фестивалі өтті. Шараға 15 мыңнан астам адам жиналып, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Түркістан облыстарының өндірушілері қатысты.
Фестиваль шұбатты ұлттық өнім ретінде насихаттау, оны дайындау дәстүрін сақтау, түйе шаруашылығын дамыту және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталды.
«Үздік шұбат» байқауына 83 өтінім түсіп, оның 41-і алдын ала іріктеуден өтті. Зертханалық сараптамадан кейін 20 қатысушы финалға жолдама алды.
Фестиваль барысында қонақтарға шұбатпен қатар түйе сүтінен дайындалған құрт, балқаймақ, десерт, кофе, балмұздақ пен коктейльдер ұсынылды. Бұл өнімдер бойынша да үздіктер анықталды.
Басты «Үздік шұбат» номинациясында үшінші орынды Бейнеу ауданындағы «Нұр-Абыл» шаруа қожалығы, екінші орынды Атырау облысы Жылыой ауданындағы «Орынбасар» шаруа қожалығы иеленді. Бірінші орын Ақтаудағы «Толқын» шаруа қожалығына бұйырды.
Ал фестивальдің Гран-при жүлдесін Жаңаөзен қаласындағы «Бірлік» шаруа қожалығы жеңіп алды. Жеңімпазға фестивальдің ресми демеушісі «Astana Motors» компаниясы GWM Poer автокөлігін табыстады.
Фестиваль концерттік бағдарламамен жалғасып, сахнада Маңғыстау облыстық филармониясының өнерпаздары, Рахымжан Жақайым, Жұбаныш Жексенұлы және «Жігіттер» квартеті өнер көрсетті.