Маңғыстауда екі мың жылдық тарихы бар көне қала зерттеліп жатыр
Қарақабақ ежелгі дәуірдегі ірі сауда және қолөнер орталықтарының бірі саналады.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғарұлымен және археолог Андрей Астафьевпен бірге Түпқараған ауданындағы Қарақабақ қалашығына барды, еп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Қарақабақ аумағындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып, Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған бірегей тарихи жәдігерлермен танысты. Бұдан кейін делегация археологиялық нысанның өзіне барып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен танысып, алдағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Ғалымдардың бағалауынша, Қарақабақ біздің дәуіріміздің I–VI ғасырларындағы маңызды сауда-қолөнер орталықтарының бірі болған. Археологиялық зерттеулер шамамен екі мың жыл бұрын қазіргі Маңғыстау аумағы арқылы халықаралық ірі сауда жолдары өткенін дәлелдеп отыр. Қалашық Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы теңіз және құрлық бағыттарын байланыстыратын стратегиялық торап ретінде Каспий маңы елдері арасындағы сауда, экономика және мәдени байланысты қамтамасыз еткен.
Қарақабақ аумағынан табылған тиындар, мөрлер, керамикалық бұйымдар және басқа да сирек артефактар бұл өңірдің Византия, Парсы, Үндістан, Рим және Қытаймен тығыз байланыста болғанын көрсетеді. Сонымен қатар археологтар көне порттың, қолөнер шеберханаларының және теңіз саудасының іздерін анықтаған. Бұл ежелгі кезеңде аймақтың қала мәдениеті мен экономикасы жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейді.
Нұрдәулет Қилыбай Қарақабақтың тарихи маңызы айрықша екенін атап өтіп, жаңа зерттеулер Маңғыстаудың әлемдік өркениет тарихындағы рөліне жаңаша қарауға мүмкіндік беретінін айтты.
Қарақабақ – Маңғыстаудың ежелгі дәуірде өркениет, халықаралық сауда және мәдени алмасудың маңызды орталықтарының бірі болғанын дәлелдейтін бірегей тарихи орын. Мұнда қолөнер өндірісі дамыған, теңіз саудасы жүрген, экономикалық байланыстары кең ірі қала орталығы болған. Бұл жаңалықтар ата-бабаларымыздың өткеніне қатысты қалыптасқан түсінікті өзгертеді. Ұлы дала тұрғындары тек көшпелі мал шаруашылығымен ғана айналыспай, ірі қалалар салып, халықаралық саудаға қатысып, өз дәуіріндегі жаһандық үдерістердің бір бөлігі болғанын көрсетеді. Бұл мұра Маңғыстау үшін ғана емес, тұтас Орталық Азия тарихы үшін аса маңызды, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кездесу барысында мамандар өңірде археологиялық туризмді дамытуға қатысты ұсыныстарын да таныстырды. Жоба аясында Қарақабақ аумағында ғылыми-археологиялық база, ашық аспан астындағы музей, заманауи туристік инфрақұрылым және арнайы экскурсиялық бағыттар салу жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар Маңғыстаудың бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттап, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ ғылыми және мәдени туризмнің дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік береді.
Сапар қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының әкімдігі мен Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты археологиялық зерттеулерді жалғастыру, тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау және насихаттау бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыру туралы келісімге келді.