15 Қараша 2026, 19:48 Фото: Маңғыстау облыстық ҚКО

Маңғыстауда екі күнде үш жұп егіз дүниеге келді

Үш жұп егіздің төртеуі – ұл, екеуі – қыз. Сәбилердің бір жұбына Ануар мен Ақнұр есімі берілді.

Маңғыстау облысындағы «Ана мен бала» перинаталдық орталығында 13-14 қараша күндері алты сәби өмірге келді. Оның төртеуі – ұл, екеуі – қыз. Егіздердің екі жұбы әртүрлі жынысты болса, бір жұбы – ұл балалар.

Алғашқы егіздер 13 қараша күні дүниеге келді. Сағат 14:00-де салмағы 2740 грамм, бойы 51 сантиметр ұл бала туды. Араға тоғыз минут салып, оның қарындасы өмірге келді. Қыз баланың салмағы 2830 грамм, бойы 52 сантиметр болды.

Сол күні сағат 17:16 және 17:33-те тағы бір жұп егіз дүниеге келді. Екеуі де ұл бала. Бірінің салмағы 2430 грамм болса, екіншісі 2290 грамм болды. Екі сәбидің де бойы 46 сантиметрді құрады.

Ал 14 қараша күні сағат 11:58-де салмағы 3080 грамм, бойы 51 сантиметр ұл бала дүниеге келді. 17 минуттан кейін оның сыңары – салмағы 2960 грамм, бойы 52 сантиметр қыз бала туды.

Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, егіздердің бір жұбына ата-анасы Ануар және Ақнұр деген есім берген. Қалған сәбилердің есімдері әзірге толық белгілі емес.