Маңғыстауда бірнеше ауыл жарықсыз қалды
Ақтауда "МАЭК" ЖШС № 3 энергоблогы ажыратылуы салдарынан Басқұдық, Ақшұқыр, Маңғыстау және басқа ауылдардың тұрғындары электр энергиясының жоқтығына шағымдануда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңірді жарықпен қамтамасыз ететін жалғыз кәсіпорында АТ-2 ЖЭС автотрансформаторын синхрондау кезінде жүктемесі 142 МВт болатын №3 энергия блогы ажыратылған болып шықты. Қазіргі уақытта ЖЭС жұмыс режимін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
"МАЭК" ЖШС баспасөз қызметінен хабарлағандай, № 3 энергоблок 11 тамызда сағат 15:25-те ажыратылды.
Электр энергетикасы туралы" ҚР Заңы шеңберінде 2023 жылғы 1 шілдеден бастап электр энергиясының теңгерімдеуші нарығына "Есеп айырысу-қаржы орталығы" ЖШС атынан Бірыңғай сатып алушы енгізілді. Осыған байланысты, станциялардың электр энергиясын авариялық ажырату кезінде, яғни теңгерімсіздік пайда болған кезде "KEGOK" АҚ атынан ҚР бойынша жүйелік оператор электр жүйесін теңгерімдеуді қамтамасыз етуі тиіс, - деп хабарлады "МАЭК" ЖШС баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде Басқұдық, Ақшұқыр, Маңғыстау, Құрық, Шетпе ауылдары мен Жаңаөзен, Ақтау қалаларының кейбір шағын аудандарында электр энергиясы жоқ деп жазды.