Маңғыстауда бет-жүзін тұмшалап алған 15 адам жауапқа тартылды
Маңғыстау облысында адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киім киюге қатысты заң талаптарын бұзған 15 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Маңғыстау облысында құқық қорғау органдары адамның бетін толық немесе ішінара жауып, оны визуалды түрде тануға мүмкіндік бермейтін киімдерді анықтау мақсатында профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді қоғамдық орындарда кию құқық бұзушылық болып саналады. Алайда бұл талап ауа райының қолайсыз жағдайларына, медициналық көрсетілімдерге, қызметтік міндеттерді орындауға, сондай-ақ спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу жағдайларына қолданылмайды.
Аталған құқық бұзушылық үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабында қарастырылған. Бірінші рет заң бұзғандарға ескерту беріледі. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 43 250 теңге айыппұл салынады.
ІІМ мәліметінше, заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен бері Маңғыстау облысында осы бап бойынша 15 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Құқық қорғау органдары азаматтарды қоғамдық орындарда киім киюге қатысты заң талаптарын сақтауға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.