Маңғыстауда балық өсіруге 20 млн теңге қаражат бөлінді
Биыл Маңғыстау өңірінде балық өсіру ісіне мемлекеттен 20 млн теңгеден астам субсидия берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның ішінде балық азықтарын сатып алу шығындарын өтеуге 17 миллион 750 мың теңге, дәрілік препараттарды сатып алуға 40 мың теңге, балық өсіру материалын сатып алуға 1 миллион 200 мың теңге, балық басын толықтыратын аналық балық үйірін сатып алуға және күтіп ұстауға 510 мың теңге және балық өсіру биологиялық негіздемесін жасату шығындарын өтеуге 1 миллион теңге бөлінген.
Маңғыстау өңірінде балық шаруашылығын қолдау бағытында 2022 жылдан бастап 2023 жылдың шілдесіне дейін кәсіпкерлік балық аулауға 8974 тонна квота берілген. Бүгінде оның 4915 тоннасы игерілген.
Биыл балық шаруашылығын дамыту үшін субсидиядан бөлек мемлекет бірқатар қолдау шараларымен қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру үшін шектеулер алынып тасталды. Сонымен қатар 2022 жылы өңірімізде 793 балықшы тіркелсе, биыл олардың саны 1000-ға жуықтады. Бұл көрсеткіштің барлығы балық шаруашылығының дамып келе жатқанын көрсетеді, - дейді Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев.
Субсидия алу үшін «kezekte.kz» веб-порталына жеке немесе заңды тұлға ретінде тіркеледі. Тіркелу аяқталғаннан кейін жеке кабинетке кіріп, сервистер бөлімінен «Balygshy», одан кейін «акваөсіру» бөлігіндегі қажетті шығындарды өтеу бойынша субсидилау батырмасын басу керек. Түсінбеген жағдайда Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасының қызметкерлеріне жүгінуге болады.