Маңғыстауда балалар ауруханасының сорпасынан құрт шыққан ба?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында сорпада құрт шыққаны туралы ақпарат жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын.
Мәселені анықтау мақсатында Nut Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері медициналық мекеме басшылығымен кездесті.
Белгілі болғандай, биыл «Жалын өрт сөндіру» ЖШС балаларды тамақтандыру бойынша тендерді жеңіп алған.
Мекеме өкілінің айтуынша, бұл жағдай жазда шілде айында болған.
Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы хабарлағандай, осыған ұқсас жағдай жылда тендер жарияланар алдында болып тұрады. Бұл кәсіпкерлік субъектілері арасындағы бәсекелестіктің жоғары екенін көрсетсе керек.
Мәселен, өткен жылы тендерді жеңіп алған «Берекет-Ф» ЖШС осыған ұқсас жағдайға тап болған. Ол кезде де мекеме басшысы осындай келеңсіз жағдайды тендер жарияланар алдындағы кәсіпкерлік субъектілері арасындағы бәсекелестікпен байланыстырды.
Жағымсыз ақпарат БАҚ және әлеуметтік желілерде жарияланғанын естіген билік партиясының өкілдері бұл мәселені өздерінің бақылауына алды.
Медициналық мекеме басшылығы және балаларды тамақтандырушы мекеме өкілдерімен кездесіп, емделіп жатқан балалардың ата-аналарымен тілдесті. Сол мезгілде шағым түсіргендер болмады, керісінше барлығы көңілі толатындығын жеткізді. Кәсіпкерлік субъектісінің өкілдері мекеменің абыройына нұқсан келтірген жағдай бойынша журналистерді жауапкершілікке тарту мәселесін көтермек. Себебі мәселенің анық-қанығына жетіп алмай, ақпарат асығыс жарияланған, - делінген хабарламада.