Маңғыстауда автомектептер 1000-нан аса жалған жүргізуші куәлігін берген
Маңғыстау облысы прокуратурасы автомектептердің қызметіне тексеру жүргізіп, 1000-нан аса жалған жүргізуші куәлігі берілгенін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Автомектептерде оқыту курстарынан өткендігі туралы куәліктерді жалған беру бойынша 1000-нан астам дерек, сондай-ақ механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау қағидаларын бұзудың 100-ден астам фактісі анықталды, - деп жазылған Маңғыстау облысы прокуратурасының хабарламасында.
Атап айтқанда, медициналық тексеруден өтпеген адамдарды оқуға қабылдау, жүргізушілерге қорытынды сабақтар, қорытынды аттестация мен емтихандар өткізілмеуі, бекітілген оқу жоспарлары мен кестелерінің болмауы, автомектеп көліктерінде қосымша тежегіш және ілінісу (сцепление) педальдарының болмауы сынды заңбұзушылықтар тіркелді.
Сонымен қатар автомектептерде көлік құралдары мүлдем тіркелмегендігі, тиісінше практикалық сабақтарды өткізуге мүмкіншілік жоқ екендігі белгілі болды.
Тексеру нәтижесінде автомектеп басшылары әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 2 автомектептің қызметі тоқтатылды.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте 500 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алғаны белгілі болған.