Кеше 2026, 22:53 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Маңғыстауда әскердегі құқықбұзушылықтар бойынша анонимді шағым қабылдау желісі іске қосылды

Бұл әскери ортадағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Маңғыстау облысында әскери қызметшілер мен лауазымды тұлғалардың құқыққа қайшы әрекеттері туралы хабарламаларды қабылдайтын арнайы байланыс желілері ашылды.

Lada.kz-тің хабарлауынша, бұл туралы Қазақстан Республикасы ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының тергеушісі, әділет капитаны Бақтияр Төлешов мәлім еткен. Оның айтуынша, желілер арқылы ҚР Қорғаныс министрлігіне, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне және ҚР Ұлттық ұланына қарасты әскери құрылымдардағы құқықбұзушылықтар жөнінде хабар беруге болады.

Біздің негізгі міндетіміз – әскери қызметшілер жасайтын қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, ашу, тергеу және олардың алдын алу. Осы мақсатта азаматтардың өтініштері жан-жақты қаралып, қажетті көмек көрсетіледі. Сонымен қатар әскери қызметшілердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған шаралар қабылданады, – деді Бақтияр Төлешов.

Ведомство өкілінің сөзінше, өтініштер анонимді түрде де қабылданады. Бұл әскери ортадағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы азаматтарды құқықбұзушылық фактілері туралы дер кезінде хабарлауға шақырды.