Маңғыстауда арқар мен қарақұйрық саны артты: өсім 25 пайызға жуықтады
«Қызылсай» табиғи паркінде жүргізілген күзгі түгендеу нәтижесі бойынша арқар саны 10,8%, ал қарақұйрық саны 25%-ға жуық өскен.
Маңғыстау облысында Үстірт муфлондары мен қарақұйрықтардың саны артқан. Жабайы жануарларды күзгі түгендеу нәтижесін «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің мамандары бейінді ұйым өкілдерімен бірлесіп шығарды.
Табиғи парк мәліметінше, жануарларды есепке алу жұмыстары жылына екі рет – көктемде және күзде жүргізіледі. Мамандар жануарларды табиғи ортада бақылап, популяция санын анықтайды және ондағы өзгерістерді қадағалайды.
Күзгі түгендеуге облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, «EcoBioGen» ЖШС-нің, «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің қызметкерлері мен «Қызылсай» паркінің өкілдері қатысқан.
Есеп нәтижесіне сәйкес, 2025 жылы өңірде 1 237 Үстірт муфлоны, яғни арқар тіркелген. Ал 2026 жылы олардың саны 1 371 басқа жеткен. Осылайша, арқар саны бір жылда 10,83 пайызға өскен.
Қарақұйрықтар саны бойынша да оң динамика байқалады. Былтыр мамандар 142 жануарды тіркесе, 2026 жылғы күзгі есеп кезінде олардың саны 177-ге жеткен. Бұл – 24,65 пайыздық өсім.
Мамандар алынған мәліметтерді жануарлар дүниесінің жағдайын бағалау, сондай-ақ сирек кездесетін түрлерді қорғау және сақтау шараларын жоспарлау үшін пайдаланады.