Маңғыстауда 60-тан астам әскери қызметкер марапатталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен Отан Қорғаушылар күні және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шарада аймақ басшысы барлық маңғыстаулықты және әскери қызметкерлерді айтулы мерекемен құттықтады.
Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз тәуелсіздік алғалы, осы 30 жыл ішінде әскери қызметкерлер жеріміздің тыныштығын қас қақпай күзетіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір қазақстандықтың қауіпсіздігін көздің қарашығындай сақтап, ел шебін сенімді күзетіп жүрген сарбаздарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға көп көңіл бөліп отыр. Өйткені, сіздер Отанға қалтқысыз қызмет етіп келесіздер. Қай кезде де тәуелсіздік тұғырын биік ұстау, еліміздің өркендеу жолында табанды еңбек ету – басты парыз. Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыз, тыныштығымыз бен бейбіт өміріміздің кепілі – қуатты әскеріміз бен ұлттық Ұланымыздың абыройы асқақтай берсін! Ел іргесі бүтін, жұртымыз тыныш болсын! - деді Нұрлан Ноғаев.
7 мамыр – Отан Қорғаушылар күні және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығы аясында үздік қызметімен көзге түскен 60-тан аса әскери қызметкер марапатталды.