Маңғыстауда 6 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды
Маңғыстаудағы заңсыз құрылыспен күрестің арқасында алты құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті құрылыс нысандарына жоспардан тыс 55 тексеру жүргізген. Департамент қызметкерлері көптеген заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы аппарат отырысында белгілі болды.
Заңнама және құрылыс нормаларын өрескел бұзу фактілеріне байланысты Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы сотқа 35 талап-арыз беріп, оның 33-і қанағаттандырылды, қалғандары қаралып жатыр. Жалпы, өткен жылдан бері қалада сот ісін жүргізу нәтижесінде бес ғимарат бұзылған. Қалған нысандар сот шешімімен демонтаждауға кезекте тұр.
2023 жылы заңсыз құрылыстармен күресу шаралары қолға алынды. 6 құрылыс компаниясының құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге лицензиясы қайтарылды, тағы 5 мекеме құрылыс-монтаж жұмысына арналған лицензиясынан өз еркімен бас тартқан. Сондай-ақ 1 аккредиттелген техникалық қадағалаушы мекеменің аккредитациясының күші жойылып, 2 техникалық қадағалаушы сарапшы аттестаты 6 айға тоқтатылды. 4 коммерциялық нысанды бұзу туралы сот шешімі шығып, сонымен қатар, 4 жұмыс жобасы бойынша жеке оң сараптамалар жойылды. Жалпы сомасы 124 958 500 теңгені құрайтын 384 әкімшілік хаттама толтырылды, - деді Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев заңсыз салынған ғимараттар қаланың сәулеттік келбетін бұзып қана қоймай, тұрғындарға қауіп төндіретінін, өйткені олар көбінесе құрылыс нормалары мен ережелерін бұза отырып бой көтеретінін айтып өтті.
Қажетті құжаттамасыз, осы мақсаттарға бөлінбеген жер учаскесінде немесе қала құрылысы және құрылыс нормалары мен ережелерін бұза отырып салынған объектілер заңсыз құрылыстар деп танылуы мүмкін.
Тиісті бөлімдердің бірлескен жұмысы жалпы қала ішін рұқсатсыз құрылыстардан босатуға, сол арқылы қаланың сәулеттік келбетін сақтауға ықпал етіп жатыр. Заңсыз құрылыстармен күресу арқылы қаладағы бос аумақтарды одан әрі абаттандырып, жаңа қоғамдық кеңістіктер құруға мүмкіндік туады. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажет, - деді Нұрлан Ноғаев.