Маңғыстауда 6 экологиялық жоба жүзеге асырылып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ұйымдастыруымен биыл Маңғыстау облысында 6 экологиялық жоба қолға алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Экобатыс» жобасы биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Еліміздің батысынан атап айтқанда Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облысынан бұл жобаға 15 экологиялық қоғамдық бірлестік таңдалып отыр. Оның алтауы Маңғыстау облысынан.
Атап айтқанда, облыстағы экологиялық жобаларды «Kazakh Geographic» қоғамдық бірлестігі, «Экомаңғыстау» үкіметтік емес мекемесі, «Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы» қоры, «Хазірет» жастар қоғамдық коры, «Ұрпақ некст» қоғамдық қоры, «Асер» қоғамдық қоры іске асырып жатыр. Бөлінген жалпы грант құны – 60 миллион теңге. 15 сәуірде басталған жоба 15 қыркүйекке дейін жалғаспақ.
Жобаның негізгі мақсаты - еліміздің батыс өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту. Тұрғындар арасында экомәдинетті қалыптастыру. Туған жердің табиғаты мен тау тасын қорғауды үйрету, қаланы және қала маңындағы аумақтарда қоқыссыз жүйені қалыптастыру.
Жоба аясында жұмыс істеп отырған экологиялық қоғамдық бірлестіктердің негізігі аудиториясы – балабақшадағы бүлдіршіндерден бастап университет жасындағы студенттер, жастар.