Маңғыстауда 356 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Өңірде халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару шаралары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануды қадағалайтын жұмыс тобы құрылған. Алдын ала жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша облыста 973 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталған. 2022 жылы оның 356 мың гектардан астамы мемлекет меншігіне қайтарылған.

Атап айтқанда, мыналар мемлекет меншігіне қайтарылды:

Түпқараған ауданы – 85,3 га
Мұнайлы ауданы – 26,09 га
Бейнеу ауданы – 33,8 га
Қарақия ауданы – 171,8 га
Маңғыстау облысы – 39,6 га
Жаңаөзен - 10 га.

Сонымен қатар жоспардан тыс тексеру туралы хабарламадан кейін жерінің жалпы көлемі 67 787 га болатын 85 жер пайдаланушы қолда бар малын ИСЖ базасына тіркеді.

Мемлекеттік қорда 8 млн 667 мың гектар жайылымдық жер бар. Өңірде ауыл тұрғындары босалқы жерлер, сондай-ақ жақын маңдағы ауыл шаруашылығы ұйымдарының есебінен мал жайылымымен қамтамасыз етілген. Елді мекендерді жайылымдық жерлермен қамтуда өткір проблемалар жоқ. Дегенмен елді мекендердің аумағын кеңейту арқылы қосымша жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жоспарлануда. Қазіргі таңда алыстағы жайылымдық жерлерді де ауыл шаруашылығы айналымына тарту, халыққа пайдалану мәселелері пысықталуда, – дейді Маңғыстау облысы жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қахарман Бағынов.

Барлық қайтарылған жерлер енді Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірлеген геосервисте көрсетіледі.

Интерактивті карта азаматтарға кез келген уақытта қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері бойынша мониторингті жүзеге асыруға мүмкіндік береді және осы учаскелерді алу мақсатында жергілікті атқарушы органдарға өтініш беру үшін бағдар болады. Бұл жылдар бойы пайдаланылмаған ауылшаруашылық жерлерін айналымға тартуға, сондай-ақ тұрғындарды ауыл шаруашылығы үшін қажетті алаңдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы