Маңғыстауда 320 жұмысшының құқығы қорғалды: еңбек инспекциясы 240 млн теңге өндірді
2025 жылдың басынан бері Маңғыстау облысында мемлекеттік еңбек инспекциясы өңірдегі 19 кәсіпорында еңбекақы төлемеудің деректерін анықтады. Жалақы қарызының жалпы көлемі 251,2 млн теңгені құрап, 320 қызметкердің құқығы бұзылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Департамент мамандары мұндай фактілердің ҚР Еңбек кодексін өрескел бұзу екенін атап өтті. Заңға сәйкес, жалақы ай сайын толық әрі белгіленген мерзімде төленуге тиіс. Кешіктірілген жағдайда жұмыс беруші қызметкерлерге өтемақы төлеуге міндетті және әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
ҚР ӘҚБтК-нің 87-бабына сәйкес:
- лауазымды тұлғаларға – 30 АЕК (117 960 теңге),
- шағын бизнес пен КЕҰ субъектілеріне – 60 АЕК (235 920 теңге),
- орта бизнеске – 100 АЕК (393 200 теңге),
- ірі бизнеске – 150 АЕК (589 800 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Еңбек инспекторлары жүргізген шаралардың нәтижесінде 302 қызметкердің құқығы қорғалып, оларға 240,8 млн теңге жалақы өндіріліп берілді. Сондай-ақ, 17 заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, жалпы сомасы 4,2 млн теңге айыппұл салынды.
Ведомство әрбір қызметкердің өз мүддесін қорғауға заңды құқығы бар екенін еске салады. Егер жалақы кешіктірілсе немесе толық төленбесе, шағымды Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне беруге болады.