Маңғыстауда 28 мыңнан астам отбасыға Елбасы Қорынан көмек берілді – Байбек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өңірлерге сапары барысында Ақтау қаласында болды.
Ол мұнда алдымен облыстық онкологиялық орталықтың жаңа ғимаратын аралады.
Құрылысы 2008 жылдан бері созылып келе жатқан бұл орталық партия Төрағасы бірінші орынбасарының былтыр шілде айындағы сапарынан соң партиялық бақылауға алынған болатын.
Заманауи диагностикалық кешеннің пайдалануға берілуі қатерлі ісік ауруларын бастапқы сатысында анықтау мен емдеудің тиімділігін арттырады. Жергілікті биліктің мәліметінше, қажетті жабдықтарды жеткізу таяу уақытта аяқталады. Орталық ұжымымен кездесіп, жауапты жұмыстарына табыс тіледім, - деп жазды Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында.
Бұдан соң партия Төрағасының бірінші орынбасары өңірдегі партияішілік праймеризге қатысушылармен, сондай-ақ жұртшылықпен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті.
Басқосуда партияның облыстық сайлауалды бағдарламасын талқылады, онымен primaries.kz сайтынан толығырақ танысуға болады.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында бұл құжатқа тұрғындардың ұсыныстары енгізіледі. Мәселен, Маңғыстау облысы бойынша 770-тей ұсыныс жиналып, олардың 411-і бағдарлама жобасына кіргізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығына озық технологияларды ендіру жөніндегі тапсырмасын ескеріп, «ҚазАзот» кәсіпорнына бардым. Бұл – қазақстандық ауыл шаруашылығымен айналысушылар минералды тыңайтқыш ретінде кеңінен пайдаланатын аммиак пен аммиак селитрасын өндіретін еліміздегі жалғыз кәсіпорын, - деп жазды ол.
Ақтаудың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін зауытты жобалық қуаттылығын жылына 400 мың тонна минералды тыңайтқыш өндіруге дейін ұлғайта отырып, модернизациялау жоспарлануда.
Елбасы бастамашылық еткен республикалық «BizBirgemiz» акциясына қатысқандары үшін кәсіпорын ұжымына алғыс айттым. Пандемия кезінде ҚазАзот қызметкерлері облыстағы ауруханалар мен стационарларға оттегі баллондарын өтеусіз толтырып беруді қамтамасыз еткен болатын. Сондай-ақ Елбасы, партия Лидері Н.Ә.Назарбаевтың 5-кезең аясында Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы 6 мыңнан астам мұқтаж отбасыға қаржылық қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасының орындалу барысын тексердім. Осы төлемдерді қосқанда жыл ішінде Маңғыстау облысында 28 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден алды, бұлардың қатарында қарт адамдар, ерекше қажеттілігі бар азаматтар және басқалары бар, - деді Байбек.