Маңғыстауда 18 жастағы сарбаз психиатриялық клиникаға жатқызылды
Маңғыстаудағы №99116 әскери бөлімінің 18 жастағы сарбазы Сұлтан Шынтеміров психиатриялық клиникаға жатқызылды. Анасы оны әлімжеттік пен соққыға жығу салдарынан ауруханаға түсті деп мәлімдеді. Іс бойынша тергеу басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Жас жігіттің туыстары мұны әскердегі әлімжеттікпен байланыстырып отыр.
Сарбаздың анасы Лаура Шынтемированың айтуынша, ұлы бөлімшеде қорлық көріп, соққыға жығылған. Ол тіпті екі рет өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Анасы баласының ауруханаға жатқызылғанын командирлерден емес, өзге ата-аналардан кездейсоқ білгенін айтады.
Маған ұлымның жүрегі мен бүйрегінде мәселе бар, дәрігерге апарамыз деді. Шын мәнінде оны алдап, психикалық ауруханаға жатқызған, – деді Лаура Шынтемирова.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сарбаз 15 қыркүйекте алдын ала «психикалық ауытқу» диагнозымен ауруханаға жатқызылған. Алдағы уақытта оны Астанадағы Бас әскери клиникалық госпитальға ауыстыру жоспарланған. Құқық қорғау органдары әскери қызметкерге қатысты заңсыз әрекеттер болуы мүмкін деген дерек бойынша тексеріс бастады.