Бүгiн 2026, 11:44 Фото: Lada.kz

Маңғыстауда 100-ге жуық жылқы қырылды: Комиссия не дейді?

Өңірдегі нөсер салдарынан жаппай қырылған жылқылардың саны әлі белгісіз.

Жануарлар Маңғыстау облысындағы Ақшымырау мен Сайөтес ауылдары аумағында жаппай қырылған. Бірақ әзірге нақты қанша жылқы өлгені белгісіз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

14-15 сәуір күндері ауа райының күрт нашарлауы салдарынан Маңғыстау ауданында ауыл шаруашылығы жануарларының қырылу деректері тіркелді. Оқиға орнында жұмыс істеген арнайы комиссияның алдын ала мәліметінше, Сайөтес ауылы мен 7-разъезд аралығындағы теміржол учаскесінде мал өлімі жағдайлары анықталған.

Алдын ала бағалауға сәйкес, мал шығынына қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – қатты жел мен нөсер жауын себеп болған. Бағытынан адасқан жануарлар жүруі қиын, ылғалды әрі батпақты аумақтарға түсіп қалып, сол жерде қырылған. Кейбір үйірлер елді мекендерден 60-80 шақырымға дейінгі қашықтықта болғаны болжануда. Қазіргі таңда нақты деректер нақтылануда, себебі күрделі жағдайға байланысты мал иелері толық есеп жүргізіп үлгермеген.

Қазіргі уақытта жағдай ерекше бақылауда. Мал иелерімен тиісті жұмыстар жүргізілуде, заманауи мониторинг құралдары мен арнайы техника жұмылдырылған. Жедел әрекет ету мақсатында Бейнеу ауданынан Ақшымырау ауылына «Трэкол» жол талғамайтын көлігі жіберілді. Сонымен қатар жоғалған малды іздестіру үшін дрондар арқылы әуе мониторингі ұйымдастырылды, - делінген әкімдік жауабында. 

Облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен жедел штаб отырысы өткізіліп, оның қорытындысы бойынша мұнай-газ кәсіпорындарына қосымша техникалық қолдау көрсету жөнінде тапсырма берілді.

Қазіргі таңда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Маңғыстау ауданында жүріп, тұрғындармен кездесулер өткізіп, барлық жұмыстарды жергілікті жерде үйлестіруде.

Сонымен қатар инфрақұрылымға да зақым келгені тіркелді. Сайөтес ауылында бірқатар ғимараттардың шатырлары ішінара бүлінген. Ақшымырау ауылында нөсер жауын салдарынан аумақтарды су басу фактілері орын алды. Салдарды жою мақсатында барлық күштер мен құралдар жұмылдырылған. Өңірдегі ірі кәсіпорындардың техникасы, төтенше жағдайлар қызметі және жергілікті атқарушы органдар тартылды. Су сору және қалпына келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жалғасуда.

Жағдай толық бақылауда. Салдарды жедел жою және тұрғындарға қажетті көмек көрсету бойынша барлық тиісті шаралар қабылдануда, - дейді Маңғыстау әкімдігінің баспасөз қызметі.