Маңғыстау жастарын қолдау үшін 106 млн теңге бөлінді
Маңғыстау облысында жастарды қолдау барысында бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Маңғыстау облысындағы тілшісі.
Былтырғы жылы әлеуметтік жобаларды қолдауға 75 млн теңге бөлінсе, осы жылы қаражат көлемі 106 млн теңгеге артты. Осы орайда, жас көшбасшылар тобын қалыптастыруға арналған 11 жоба орындалды. Бұл жастардың шығармашылық шеберлігін қолдап, қаржылық және құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған жобалар. Осы жұмыстарға 15 мыңнан астам жас буын жұмылдырылу көзделіп отыр.
11 жоба аймақтағы жастар санатындағы әртүрлі сигмент, аудиториялармен жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Барлық осы айтылған жобалар аймақатағы жастардың сұранысына, қажеттіліктеріне байланысты жүзеге асып жатыр. Өңірдегі жастардың қандай сұраныстарға қажеттілігі бар, оларды қандай мәселелер толғандырады, осыған нақты ғылыми тұрғыда баға беретін арнайы аналитикалық құжат дайындалады. Тағы ерекше жоба, биыл алғаш рет аймақта дарынды және талантты жастарға қолдау көрсету үшін арнайы жол жүру гранттарын ұсынамыз,–дейді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Мұқаш Оралбай .
Өткен жылы облыста алғаш рет волонтерлік топтарға шағын гранттар бөлінді. Осы орайда жастар арасындағы негізгі мәселелерді анықтауға арналған жоба әзірленбек.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» атты әлеуметтік бастамаларды қолдау бағдарламасы басталады. Бастама барысында 30 адамға 1 млн теңге көлемінде грант беріледі.
Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының м.а. Абылай Фазылбектың айтуынша, облыста жастардың бастамаларына қолдау көрсету мақсатында басқарма атынан әлеуметтік жобалар жүзеге асып жатыр.
Волонтерлік топтарға шағын гранттар, талантты әрі дарынды жастарға жол жүру гранттары ұйымдастырылатын болады. Сондай-ақ, өңірімізде алғашқы рет жас отбасыларды баспанамен қамту мақсатында «Маңғыстау жастары» тұрғын-үй бағдарламасы жүзеге асады. Бұл жобаға Отбасы банкпен бірлесіп, 500 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл жоба аясында 40 тан астам жас отбасын баспанамен қамту, жоспарланып отыр, – деді ол.
Былтыр жүзеге асқан жобалар, биыл да жалғасын табады. Маңғыстауда 14 пен 35 жас аралығындағы 232 мың жас бар. Оның 92 мыңы қалада, 140 мыңнан астамы ауылда тұрады. Бұл облыс тұрғындарының 31 пайызын құрайды.