Маңғыстау жастары автомобиль өнеркәсібінде тәжірибе жинай алады
Маңғыстау облысында «Жарқын Болашақ» бағдарламасының қатысушылары енді автомобиль өнеркәсібінде тәжірибе жинай алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бағдарлама операторлары мен елдегі ең танымал авто компаниясы жастарды өндірістік ортада тәжірибеден өткізу және жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша меморандумға қол қойды.
Екі тараптың ынтымақтастығы жастарға техникалық мамандықтар бойынша кәсіби машығын арттыруға және болашақта тұрақты жұмыспен қамтылуға қолдау көрсетуді көздейді.
Қостанай жоғары автомобиль көлігі колледжінің студенті Ержан Ақжол практикадан алған әсерін бөлісті.
Мен үшін тәжірибе ерекше болды – үлкен өндірістік зауытқа алғаш рет бардым. Диспетчер ретінде жұмыс істедім, бөлшектер мен түйіндерді линияларға жеткіздім. Болашақта мамандығым бойынша осы салада еңбек еткім келеді, – деді ол.
«Жарқын Болашақ» бағдарламасы Bilim Foundation қорының ұйымдастыруымен, «ҚазМұнайГаз» ҰК және Samruk-Kazyna Trust қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда бағдарлама аясында мыңнан аса маңғыстаулық жас білім алуда.