Маңғыстау ҰБТ нәтижесі бойынша рейтингтегі көрсеткішін жақсартты
Оқушылар санының жыл сайын өсуіне байланысты облыста тағы 7 мектеп салу жоспарланып отыр.
Маңғыстау облысында білім беру саласын жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында және демеушілердің қолдауымен өңірде 14 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның 13-і «Келешек мектептері» жобасы бойынша, біреуі демеушілердің қаражатына салынған. Сондай-ақ қолданыстағы мектептерге екі қосымша ғимарат тұрғызылды.
Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 10-нан 3-ке дейін азайды. Жаңа оқу жылында өңірдегі үш мектепте ғана 698 оқушы үшінші ауысымда білім алады.
Өңірде оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай олардың саны 194 мыңнан 218 мыңға дейін көбейеді. Осыған байланысты облыста жалпы сыйымдылығы 9 400 оқушы орнына арналған тағы 7 мектеп салу жоспарланған. Қазір Мұнайлы ауданында әрқайсысы 2 400 орындық екі мектеп салуға Арнайы мемлекеттік қордан қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесі де дамып келеді. Жыл басынан бері 1 912 орынға арналған 24 жаңа балабақша ашылды. Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған алты мектепке дейінгі ұйымда қосымша 161 орын ашылды. Жыл соңына дейін тағы 350 орын ашу жоспарланған.
Биыл мектепті 10 045 түлек аяқтады. Бұл өткен оқу жылындағы көрсеткіштен жоғары. Олардың 317-сі «Алтын белгі» иегері атанса, 673 түлек үздік аттестат алды.
Білім сапасының көрсеткіштері де жақсарып келеді. Ұлттық бірыңғай тестілеуге мектептер мен колледждердің 9 мыңнан астам түлегі қатысты. Облыс бойынша орташа балл 69,03-ті құрап, былтырғы көрсеткіштен жоғары болды. Соның нәтижесінде Маңғыстау облысы республикалық рейтингтегі орнын жақсартып, екі жыл ішінде 19-орыннан 13-орынға көтерілді.
Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл наурыз айында өңірде Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Жаңа құрылым кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылықтың, буллинг пен суицидтің алдын алу жұмыстарын үйлестіріп, проблемаларды дер кезінде анықтауға және балалардың заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқушыларға заманауи жағдай жасау, білім сапасын арттыру және балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейту Маңғыстау облысының әлеуметтік саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.