Маңғыстау тұрғыны жалған диплом қолданғаны үшін айыппұл арқалады
Ақтау қалалық соты ер адамға 86 500 теңге көлемінде айыппұл салды.
Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында тұратын азамат жұмысқа орналасу кезінде жоғары білім туралы жалған диплом тапсырған. Бұл заңсыз әрекет екі жылдан кейін жүргізілген тексеріс барысында анықталған, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, сот алдында Саин Шапағатов ауылының 26 жастағы тұрғыны жауап берді. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігі бойынша жалған құжатты қасақана пайдаланғаны үшін айыпталған.
Әскери қызметке жұмысқа орналасу кезінде ер адам 2022 жылғы 30 маусымда берілген, «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша Қазақ спорт және туризм академиясының дипломының көшірмесін ұсынған. Сондай-ақ сауалнамада осы оқу орнын тәмамдағанын көрсеткен.
2025 жылғы 2 желтоқсанда жүргізілген тексеріс барысында бұл дипломның жалған екені анықталды. Академия мәліметінше, мұндай құжат аталған азаматтың атына берілмеген. Сараптама нәтижесі дипломның лазерлік принтер мен жазық баспа арқылы дайындалғанын көрсетті, ал бланкі түпнұсқа үлгісіне сәйкес келмеген. Сонымен қатар диплом мен қосымшасындағы мөр бедерлері әртүрлі клишелермен қойылғаны белгілі болды.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындаған. Сот бұл жағдайды жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Ақтау қалалық соты ер адамды кінәлі деп танып, оған 86 500 теңге көлемінде айыппұл салды. Сондай-ақ одан Жәбірленушілерге өтемақы қорына 19 660 теңге өндірілді.