Маңғыстау облысының аумағы кеңейеді. Ол не үшін керек

Маңғыстауда мәслихат Каспий итбалықтары үшін мемлекеттік табиғи резерват құруға байланысты облыс шекарасын кеңейту мәселесін мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Маңғыстауда облыстық мәслихаттың VIII шақырылым депутаттары кезектен тыс тоғызыншы сессияда аймақтың әкімшілік шекарасын өзгерту туралы мәселе қарады. Маңғыстау облысы жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батырбек Тәжімұханов Каспий итбалықтары үшін мемлекеттік табиғи резерват құру кезінде облыс шекараларын кеңейту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Каспий теңізінің 12 миль акваториясын қосу жоспарланып отыр. Бұл аумақты қосу Мемлекет басшысының Каспий итбалықтары үшін табиғи резерват құру жөніндегі тапсырмасының орындалуын қамтамасыз етуге қажет, - деді Батырбек Тәжімұханов.

Табиғи резерват Маңғыстау облысының шекарасы мен Каспий теңізіндегі 12 мильдік белдеу арасындағы аумақта орналасатын болады. Каспий теңізіндегі қосылатын аумақтың жалпы ауданы 1 млн 487,4 мың гектар.

Мәслихат бүгін шекара бойынша шешімді бекітті. Табиғи резерваттың схемалық картасын «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» заңға сәйкес деректерді көрсете отырып, әзірлегеннен кейін және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мамандары алдын ала қараған соң, Үкіметке келісуге жіберіледі, - деп түсіндірді Батырбек Тәжімұханов.

Облыс шекараларын белгілеу және теңіздің 12 мильдік аймағын әкімшілік басқаруға қосу итбалықтар популяциясының сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, Каспий теңізі жағалауында туризмнің дамуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде өңірдің тұрақты экономикалық дамуын ынталандыратын болады.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Каспий теңізінде резерват құру - итбалықтар популяциясын сақтаудың бір жолы екенін және бұл арнайы қорғалатын қорық аймағы болатынын атап өтті

Каспий теңізінде тұратын итбалықтардың эндемиктеріне қатысты алаңдаушылық бар. Бүгін біз осы теңіз сүтқоректілерін сақтау үшін облыс аумағына 12 мильдік су аймағын қосу мүмкіндігін талқыладық. Жыл сайын итбалықтың күшіктері санының азаюы байқалады. Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және олардың саны жылдан жылға азаюда. Мамандар қазіргі жағдайға қатысты үлкен алаңдаушылық танытып отыр. Жануарлардың азаюы олардың жойылып кету қаупін тудырады. Біз өз құзыретіміз шегінде экология министрлігімен және басқа да орталық мемлекеттік органдармен ынтымақтастықта Каспий теңізінде резерват құру мүмкіндігін қарастырамыз, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қыркүйегінде Каспий теңізінің солтүстігінде Каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін резерваттар құруды ұсынған болатын. Сол кезде мемлекет басшысы Каспий итбалықтарының популяциясы мәселесі өте өзекті екенін, осы бірегей жануарды сақтау, олардың мекендеу ортасы мен санын арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет екенін айтқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы