Маңғыстау облысының әкімі Финляндия елшісімен кездесті
Маңғыстау облысының әкімі Финляндия елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханист бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Финляндияның Қазақстандағы елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханист, "Business Finland" сауда комиссары Жәния Әділбек, Финляндия СІМ жанындағы сауда және инвестициялар жөніндегі кеңесші Оскари Лаукканен, "Tikkurila", "LAMOR CENTRAL ASIA", "Klinkmann" "Rodl and Partner Central Asia", «Nokia Solutions and Networks Kazakhstan», «Valmet Technologies Inc» сияқты финляндиялық компанияларының өкілдері және т.б қатысты.
Кездесу барысында Маңғыстау облысы мен Финляндия Республикасы арасындағы қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қала құрылысы, телекоммуникация, білім беру салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ инвестициялық жобаларды қолдау бойынша өңірлік даму институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Өңір басшысы өз сөзінде Маңғыстау облысы тиімді және жемісті ынтымақтастыққа, кез келген ұсыныстар мен жобаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.
Маңғыстау - дәстүрлі түрде Қазақстанның 1/4 мұнайы өндірілетін өнеркәсіптік өңір. Жыл сайын өңірде 18 млн.тоннаға дейін мұнай және 3 млрд. текше метр табиғи газ өндіріледі.
Аумақта 67 Мұнай және 44 газ кен орындары бар.
Облыста «CNPC», «Shlumberger», «Halliburton», «Total», «Tenaris», «Arcelor Mittal», «HeidelbergCement» секілді трансұлттық компаниялардың қатысуымен түрлі салалардағы жобалар іске асырылды.
Соңғы бес жылда шетелдік инвестициялар көлемі 7,0 млрд АҚШ долл.
Қазақстандағы Финляндия елшісінің айтуынша, іс сапардың негізгі мақсаты-финляндиялық және қазақстандық компаниялар арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнату үшін Қазақстанның батыс өңірлерімен, атап айтқанда Маңғыстау облысының әлеуетімен танысу.
Кездесу соңында Нұрлан Ноғаев жергілікті атқарушы органдардың маңызды жобаларды бірігіп іске асыру үшін дайын екенін атап өтті.