Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында арнайы жаттығулар өтті

«Бірлестік-2024 оқу-жаттығуы аясында түнгі уақытта қатысушы мемлекеттердің әскери контингенттері тактикалық іс-қимылдарды тәжірибе түрінде көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әскерлердің біріккен іс-қимылын бақылау алаңынан Қазақстан Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен оның Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген әріптестері бақылап отырды.

«Оймаша» полигонында өткен соғыс қимылдары театрында қатысушы елдердің әскери қызметшілері 17 тактикалық эпизодты пысықтады. Оның бәрі Халифат мемлекетін құруға ұмтылған заңсыз қарулы құрылымдарды тауып, олардың көзін жою жөніндегі бірыңғай оқу-жауынгерлік тапсырмаларға бағынды.

Арнайы операцияны сәтті жүзеге асыруда жер үсті және әуеден барлау қызметтері маңызды рөл атқарды. Бандалық құрылымдардың базаларын тапқаннан кейін, арнайы мақсаттағы топтар соққы беру үшін армиялық авиацияға координаттарды тапсырды. Сонымен қатар, алғы шептегі базалық аймақтарды, содырлардың позицияларын және олардың бағдары мен қозғалысын іздеуді жауынгерлік экипаждар, Wing Loong, Orbiter және Puma ұшқышсыз ұшатын аппараттарындағы барлау кешендері жүзеге асырды.

Бандалық құрылымдардың өрістеген жері артиллерияның күшімен жойылды. Жау позициясынан ұшырылған дрондар тобының шабуылына әскери қызметшілер радиоэлектронды күрес құралдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, жылжымалы зенитті зымыран кешендерімен және зениттік қондырғылармен тойтарыс берді.

Заңсыз қарулы құрылымға барынша зиян келтіру мақсатымен әскерлер тобының біріккен бөлімшелері басқарылатын мина алаңдары мен артиллерия күштерін қолдана отырып, «от қапшығын» құру бойынша маневр жасай алды.

Жау артиллериясының атыс шабуылын тойтаруға танкке қарсы қол және станоктық гранатометпен, реактивті жаяу әскер отшашарымен, танкке қарсы зымыран кешендерімен және пулеметтермен жабдықталған ұтқыр топтар қатысты. Олардың туннельдер арқылы шегініс жасауы әскери контингенттер артиллериялық есептоптарының қолдауымен жүзеге асырылды.

«Сақ қорғаны» тактикалық тәсілін орындау кезінде танк экипаждары үйлесімді қимыл көрсетті. Шабуылға тойтарыс берудегі әдістің артықшылығы – танктердің аяқ астынан пайда болуы және шабуылдаушы жеңіліске ұшырауы.

Одан әрі әскери маневрлер Каспий жағалауында және Тоқмақ мүйісіне жақын теңіз учаскесінде жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы