Маңғыстау облысындағы онкологиялық науқастарға мүгедектік пен жәрдемақы берілмеген
Маңғыстау облысының прокуратурасы онкологиялық науқастарды медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге жіберу тәртібінің заңдылығының жай-күйіне талдау жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бас прокуратураның хабарлауынша, нәтижесімен қолданыстағы заңнама талаптарына қарамастан, 3-4 топтағы онкологиямен ауыратын және паллиативтік көмек алатын 661 адамның мүгедектікті ресімдеу және кепілдік берілген әлеуметтік жәрдемақыны алу мүмкіндігінен айырылғаны анықталды.
Осылайша, емдеуші дәрігерлер көрсетілген науқастарға қатысты, кейбіреулері 5 жылдан астам «Д» есебінде тұрған, мүгедектікті, еңбек қабілетін жоғалту дәрежесін және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша жұмыстар атқармаған. Анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында прокурорлық қадағалау актісі енгізілді, - делінген хабарламада.
Бүгінгі күні заң бұзушылықтар жойылды. Денсаулық сақтау басқармасы аталған тұлғаларды медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге жіберу жұмыстарын жүргізуде.
Бұл процесс облыс прокуратурасының бақылауында.